Солтүстік Қазақстан облысында қаңтар айында көкжөтел жұқтырудың жеті жағдайы анықталған. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Мамандардың айтуынша былтыр қаңтар айында облыста көкжөтелмен ауырған сегіз адам анықталды. Ал биыл — жеті. Оның барлығы 14 жасқа дейінгі балалар.
«Аумақтық бөлініс бойынша ең жоғары үлес Петропавл қаласына тиесілі – 85% немесе алты жағдай. Аққайың ауданында бір бала көкжөтел жұқтырған. Иммундық мәртебесі бойынша барлық науқастар көкжөтелге қарсы егілмеген», — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.
Көкжөтелдің қоздырғышы ауа арқылы таралады. Ол науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде енеді. Көкжөтел өкпенің қабынуы, мидың зақымдануы сияқты асқынуларға әкелуі мүмкін. Ең қиыны, бұл ауруды емдейтін дәрі-дәрмектер жоқ екен. Одан қорғанудың жалғыз жолы — вакцинация. Алғашқы екпе екі айдан басталып, төрт айға дейін ай сайын салынады. Кейін 18 айында тағы бір вакцина егеді. Содан кейін алты жаста жүргізіледі.
Тағы оқыңыз: Петропавлдың бес тұрғыны үйлерінде қарасора өсірген