Мағжан Жұмабаев ауданы Қарақоға ауылында дәрігер болып жұмыс істейтін Сүлейман Гандалиев «Үздік ауыл дәрігері» атанды. Тәжірибиелі маман Тәуелсіздік күні қарсаңында денсаулық сақтау министрінің қолынан марапат алды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Сүлейман Гандалиев 1987 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетін аяқтаған. Содан бері өзі туып-өскен ауданында қызмет етеді. Ол 37 жыл бойы басы ауырып, балтыры сыздаған жерлестеріне көмек көрсетуде. Жуырда оның еңбегі жоғары бағаланып, «Үздік ауыл дәрігері» атағы берілді.
«Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Себебі, республика бойынша үздік шығамын деп ойламаппын. Мен өзімнің міндеттерімді бұлжылтпай орындап келемін. Бір учаскіде 1200-ден астам тұрғын бар. Солардың барлығына сапалы медициналық қызмет көрсетуге тырысамын. «Педиатрия» мамандығы бойынша оқуды аяқтағанмын. Қазіргі кезде жалпы тәжірибедегі дәрігермін. Мен күндіз де, түнде де жұмыстамын. Паиценттермен үнемі байланыста болуым керек», — дейді Сүлейман Гандалиев.
Сүлейман Гандалиев интернационал отбасында дүниеге келген. Оның әке-шешесі тың игеру жылдары қазақ жеріне қоныстандырылған екен.
«Менің әкем тың игеру жылдары М. Жұмабаев ауданы Советское ауылына Әзербайжан елінен көшіп келген. Анам да репрессия жылдары Қазақстанға жер ауып келген. Екеуі осы жақта танысып, отбасын құрды. Мен Советское ауылында өмірге келдім. Сондықтан мен үшін туған жер қымбат. Тәуелсіз елде еңбек етіп, оның дамуына үлес қосқаныма ризамын», — дейді дәрігер.
Ақ халатты абзал жан алыс ауылдардың бірінде еңбек етсе де, шұғыл және шұғыл медициналық көмек көрсету техникасын, ДДҰ бағдарламалары бойынша жұмыс істеу дағдыларын жетік меңгерген. Айта кетейік, Сүлейман Гандалиев 2022 жылы «Шапағат» медалімен марапатталған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да студенттерден ақша бопсалаған жасөспірім сотталды