Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында үйірлі шегіртке тіркелді. Егістік алқаптарын зерттеген мамандар одан қауіп жоқ деп отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Qazaqstan Ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Егістік алқаптарын зерттеген мамандар италиялық прустың дернәсілдері табылмағанын айтып отыр. Сондықтан қауіп жоқ. Зиянкестердің көбеюіне көктемнің кеш келуі және маусым айының алғашқы онкүндігінің салқын болуы кедергі келтірген. Дегенмен, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстары және Ресей Федерациясымен шектесетін аудандарда орналасқан егістік алқаптары бақылауға алынды. Жалпы, өңірде 4 мың гектардан астам жер, шегірткеге қарсы өңделеді.
«Үйірлі шегіртке өте қауіпті зиянкеске жатады. Уәлиханов ауданында италиялық прус анықталды. Саны көп емес. Сондықтан алқаптар уақытылы өңделсе, айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ», — дейді «Фитосанитариялық диагностика және болжам орталығы» РММ филиалы жетекшісінің орынбасары Зура Кенжеғалиева.
Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл 3500 астам қыз балаға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады