Сенатор Әсем Рахметова солтүстік өңірлерді газбен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, оны жүзеге асырудың жолдарын да ұсынды, деп жазады Qаzaqstan Media тілшісі.
Сенат отырысында депутат Әсем Рахметова Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында солтүстік өңірлерді газбен қамтамасыз ету мәселесін көтерген.
Солтүстік Қазақстан облысында 532 мыңнан астам адам тұрса, оның 56% ауыл тұрғыны. Көгілдір отын тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді. Оған қоса, халықтың көші-қонын азайтуға септеседі. Қоршаған ортаға зиянды шығындарды үш есе азайтуға, аймақтың орман қорын сақтауға да жағдай жасайды. Сенаторлар Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына газ жеткізудің балама жолдарын ұсынды. Ол Сарыарқа магистралді газ құбырын ұзарту немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылу арқылы жүзеге асуы мүмкін. Үкімет өңір әкімдерімен бірлесіп жақын арада таңдау жасап, аталған аймақтарды газдандырудың нақты мерзімін белгілеуі тиіс. Жоспар бойынша ол 2026 жылға қарай болмақ.
«Бұл облыстардың халқы табиғи газдың өмір сүру сапасына қалай әсер ететінін ондаған жылдан бері газы бар көршілес жатқан Қостанай, шекаралас ресейдің Түмен, Омбы, Қорған облыстары тұрғындарының тұрмысынан көруде. Өзгелер көгілдір отынның қызығын көріп жатқанда көрші отырып көмір тасыған ауыл тұрғындарының тілегін жеткізіп отырмыз. Солтүстік облыстарды газдандырудың балама жолдары бар. Олардың бірі — РФ Түмен облысының Ишим қаласында қосылу нүктесі бар магистралді газ құбырын салу. Түмен облысының солтүстік аудандары Омбы магистралді газ құбырына қосылу үшін ең жақын нүкте Петропавл қаласынан 156 км орналасқан Түмен облысының Ишим қаласы. Омбы қаласынан Петропавл қаласына газ жеткізу нұсқасын да қарасытруға болады», — деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әсем Рахметова.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық ғалымдардың биотоғанды тазарту бойынша әзірлеген жобасы өзге қалаларда да қолданылуда