Петропавлдағы ҚР ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің 16 сарбазы білім грантына ие болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Конкурстық іріктеуге 2022 жылғы көктем және күз мезгілдерінде әскерге шақырылған сарбаздар қатысты. Жалпы республика көлемінде білім грантына мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген 17253 сарбаз өтінім білдірген. Үміткерлердің жетістіктері мен кемшіліктері туралы барлық деректер қорғаныс министрлігінің сайтында «Срочники 2.0» цифрлық платформасында тіркеліп, сол жерден көрсеткен нәтижелеріне байланысты іріктеліп алынған.
«Бұл бағдарлама қорғаныс министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. «Срочник 2,0» цифрлық базасында әскерге келген күннен бастап сарбаздың көрсеткен нәтижесі, қызмет атқару кезіндегі бағалары , әскери дайындықтарына балл қойылады. Жүйе автоматты түрде сарбаздардың рейтингін өздерінің қорытынды бағалары бойынша шығарып береді. Сонымен қатар, сарбаздардың әскери өмірдегі түрлі іс-шараларға белсенділік танытулары да ескеріледі. Кейін барлық баллдың қорытындысы шығарылып, ең жоғары көрсеткіш көрсете білген сарбазға білім грантына сертификат табысталады», — дейді Петропавл қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Виталий Гриб.
Бұл білім сертификаттарымен мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздар екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады. Және сарбаздардың барлығы өзі таңдаған оқу орнындағы әскери кафедраға емтихансыз қабылданады. Бүгін білім серификатына ие болғандардың бірі- Бекзат Аманжол. Ол Алматы қаласынан келіп,ҚР Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр. 10 ай ішінде жалпы 692 балл жинап, ЖОО-ға түсуге грант жеңіп алды.
«Өте қуанып тұрмын. Ер азаматтық борышыңды орындап, сонымен қатар ЖОО грант жеңіп алу көпке бұйыра бермейді. Енді мен әскерден соң Атырау қаласындағы С.Өтепов атындағы мұнай және газ университетіне инженер мамандығына оқуға түсемін деп жоспарлап отырмын. Өзім колледжді бағдарламашы мамандығы бойынша бітіргенмін», — дейді сарбаз.
Тағы оқыңыз:СҚО-да экс-полицейлер Qnet қаржы пирамидасына тұрғындарды тартып келген