Петропавлда жерді заңсыз беріп келген шенеуніктер жазаланды

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жер қатынастары саласында тексеріс жүргізіп, бірқатар өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Жерді заңсыз берген шенеуніктер жазаланды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Облыстық прокуратураның ақпаратына сүйенсек, Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі заң талаптарын бұза отырып, жеке және заңды тұлғаларға конкурстан тыс алты жер телімін берген. Одан мемлекетке 44 млн теңге шығын келді.

«Қадағалау органының актілері бойынша алты лауазымды тұлға, оның ішінде Петропавл қаласының жер қатынастары бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекетке келтірілген шығын толығымен өтелді. Жалпы, мемлекет меншігіне 20 жер учаскесі қайтарылды. Олардың кадастрлық құны – 180 млн теңгеден асады», — делінген облыстық прокуратура ұсынған ақпаратта.

Бұдан бөлек, Петропавл қаласы жер қатынастары бөлімі мен Айыртау ауданының әкімдігі жер пайдаланушылардан бюджетке меншік және жалға алу құқығын сатып алу үшін сомасы 94 млн теңге берешекті өндіріп алу шараларын қолданбаған. Ал Есіл, Уәлиханов, Шал ақын, Тимирязев аудандары мен Петропавл қаласында 65 жер учаскесінің ұзақ уақыт бойы мақсатсыз пайдаланылып келгендігі анықталды.

«Мақсатсыз пайдаланылып келген жердің жалпы ауданы 8,5 мың гектарды құрайды. Яғни, бұл жерде Қазақстан Республикасы жер кодексінің 92-бабы бұзылған. Осыған қарамастан жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары бұл жерлерді алып қою үшін тиісті шаралар қолданбаған. Қалған жер телімдері бойынша жұмыс жалғасуда», — деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыз: Елімізде пияз қымбаттап жатыр

 

 

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x