Петропавлды Жаңа жылдық безендіруге қанша ақша жұмсалатыны белгілі болды. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Биыл шыршалар мен мұз қалашығын орнатуға 13,5 млн теңге жұмсалмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Биыл петропавлдықтар үшін жаңа жылдық шырша қаланың сегіз шағын ауданында орнатылмақ. Ол — шаһардың орталық және бас алаңы, Пестрое көлінің маңы, Жеңіс саябағы, сапаржай, Береке шағын ауданы, Н. Назарбаев және Г. Жуков көшелерінің қиылысы жанындағы алаңдар. Биыл олардың қатарына көктемгі су тасқынынан зардап шеккендер көшірілген жаңа Бірлік шағын ауданы да қосылған.
«Дәстүрге сай қаланы Жаңа жыл қарсаңында безендіретін боламыз. Біз өзімізде бар ойыншықтар мен мүсіндерді түгендедік. Соларды пайдаланатын боламыз. Шыршаларды орнатуға, мұз мүсіндер мен сырғанақ жасау үшін 13,5 млн теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, бізге меценаттарда көмектесетін болады», — деді Серік Мұхамедиев.
Айта кету керек, соңғы жылдары облыс орталығын жаңа жылдық безендіруге қаржы бөлінбеген еді. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер тартылып келген.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қаңғыған ит-мысықтарды аулауға 11 млн теңге жұмсамақ