Петропавлда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернат ашылды. Оқу ордасындағы интернат 50 балаға шақталған, деп жазады Qazaqstan Media.
Қазір мектепте ерекше күтімді қажет ететін 220 бала білім алып жатыр. Ашылып отырған білім ошағының басты мақсаты – оқушыларды әлеуметтік бейімдеу және оңалту. Білім беру жүйесі еңбекке баулуға бағытталған. Сондықтан мектепте омарта, гүл егу және көгалдандыру, слесарлық кабинет бар. Сонымен қатар, екі сынып тігін шеберлігіне арналған. Барлығы 44 кабинет. Оқу ордасы кең әрі жайлы, балалар мұнда бір ауысымда білім алады.
«Кабинеттерде білім беруге ыңғайлы арнайы жабдықтар орнатылған. Бізде жаңа зертханалар бар. Жатын корпусында асхана, ойын бөлмелері ұйымдастырылған. Мемлекет басшысы барлық балаларда білім алуға тең мүмкіндік болуы керек деген болатын. Аталған мектеп осы тапсырманы орындау аясында салынған», — дейді №2 мектеп-интернаты жетекшісінің міндетін атқарушы Артем Белоногов.
Екінші қабатта зертханалары бар пәндік сыныптар орналасқан. Сонымен қатар, емдік дене шынықтыру және түзету жаттығулары үшін акт залы да бар. Топтық және жеке оқулар жүргізу үшін логопед пен дефектолог кабинеттері жабдықталған.
Мектеп-интернаттың бұрынғы ғимаратында спорт зал болмапты. Дене шынықтыру сабақтары жалға алынған нысанда өтіп келген. Оқу ордасының бұрынғы директоры, ардагер ұстаз Ризабек Какпеновтың айтуынша, жаңа оқу ғимаратында қауіпсіз, тиімді білім алуға мүмкіндік мол екен.
«Мен бұрынғы ғимараттың жағдайымен жақсы таныспын. Бізде спорт зал, акт зал болған жоқ. Біз іс-шараларды асханада өткізетін едік. Кітапхана тар болды. Оқу залы деген болған жоқ. Біз жаңа ғимаратты армандайтын едік, бүгін сол орындалды», — дейді Ризабек Какпенов.
Оқушылардың ата-аналары жаңа оқу нысанының ашылғанына дән риза.
«Ерекше балаларға көп көңіл бөліп отырған президентке алғысымыз шексіз. Балаларымыз армандаған мектептерінде оқитын болады. Сыныптар жарық, жылы, кең екен», — деп отыр қала тұрғыны Евгения Бойко.
Арнайы мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, депутаттар мен ардагер ұстаздар қатысты.
«Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде арнайы ондаған мектептер салынып жатыр. Біз тапсырыс беріп көрдік. Өтінішімізді қабылдап, қаражат бөлінді. Соның арқасында жаңа оқу ғимараты бой көтерді», — дейді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Мектеп-интернатта 72 педагог пен 20 тәрбиеші бар.
Тағы оқыңыз: Петропавлда студенттерге арналған жатақхана пайдалануға берілді