Петропавл қаласы әкімдігінің ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 4 бөлмелі пәтерді 63,8 млн теңгеге сатып алмақ болған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында белгілі болды. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің араласуынан кейін пәтер құны 35,1 млн теңгеге түскен.
«Мемлекеттік сатып алуды агенттік «бірыңғай терезе» арқылы қадағалап отырады. «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-і жазғы дизель отынынның литрін 450 теңгеден сатып алмақ болған. Біздің мамандардың араласуынан кейін ол 263 теңгеге түсіріліп, осылайша 243,1 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді», — деді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.
Жалпы департаменттің «бірыңғай терезе» жүйесі арқылы қадағалауының нәтижесінде 27 тауардың жоспарлы сатып алу құны 505 млн теңгеге төмендетілген. 22 мемлекеттік орган бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдаған.
Тағы оқыңыз:СҚО-да орман шаруашылығынның директоры тұрғындарға ағашты қымбатқа өз туыстарынан алғызған