Петропавл мектептерінде есіріткі мен нашақорлыққа қарсы жиындар өткізіліп жатыр. Бұл жастар арасындағы есірткі тарату фактілерінің жиілеуіне байланысты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектептің акт залында жоғары сынып оқушылары жиналған. Оларға бүгін қоғамдық даму және ақпарат орталығының мамандары ерекше форматта жиын өткізді. Балаларға мамандар есірткі мен нашақорлықтың салдары туралы ақпарат берді. Іс-шара ойын форматында өтті.
«Біз апта сайын оқу орындарын аралып, оқушылармен түрлі кездесулер өткіземіз. Есірткі мен нашақорлық — бұл үлкен проблема. Қазір жастар жеңіл ақша табу жолында тұз, спайс дегендерді тарату, сатумен жиі айналысатын болды. Тіпті, 14 жастағы бала да есірткі саудасымен айналысқан. Сондықтан біздің мақсат — оқушыларды жаман жолдан аулақ ұстау», — дейді қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы Гүлбақыт Байбосынова.
Жоғары сынып оқушыларына деректі фильмдер де көрсетілді. Онда есірткі саудасына жастарды тарту жолдары, оны тарату мен сатудың салдары туралы айтылған. Бұл ауыр қылмыс және ол үшін 10 жылдан 20 жылға дейін сотталулары мүмкін екені де ескертілді.
«Мен 11-ші сынып оқушысымын. Қазір жастардың көбі ақшаға қызыққасын, қиындыққа тап болғасын оңай жолмен ақша табу үшін осындай әрекетке барады. Бірақ, шешілмейтін мәселе жоқ. Қиындық болса алдымен ата-анаға айтқан дұрыс. Есірткі жақсылыққа апармайды», — дейді Сабина Қайыргелдина.
Тағы оқыңыз: СҚО-да КамАЗ бен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам қайтыс болды