Петропавлдық мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беру мақсатында «Нақты уақыттағы мамандық» атты ауқымды іс шара өтті. 400-ден астам оушыны қамтыған жиынды жастар ресурстық орталығы мен Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткізіліп жатқан жиынға тоғызыншы және 11 сынып оқушылары қатысты. Ал оларға оқу орындары жайында ақапарат беруге Петропавлдағы барлық колледж студенттері мен оқушылары келді.
«Бүгінгі жиын кәсіптік бағдар беру бағытындағы ірі іс-шаралардың бірі. Оның барысында қаламыздағы колледждер өздері туралы толық ақпарат береді. Балалар өздерін қызықтырған сұрақтарына нақты жауап ала алады. Қазіргі кезде жұмысшы мамандықтарының мәртебесі артты. Сондықтан, түлектер болашақта қай салада еңбек ететіндерін қазірден ойлаулары қажет», — дейді Петропавл жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Абдин.
Кітапхана бөлмелері бір күнге мамандықтар станциясына айналды. Әр білім ордасы оқушыларға өздерінде бар мүмкіндіктерді тізіп шықты. Кейбірі көрнекілік үшін студенттердің тәжірибеде істеген жұмыстарын да ала келген. Мәселен, Е. Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің ұжымы тігінші, аспаз және шаштараз мамандықтары бойынша оқитын студенттердің шеберліктерін көресетті.
«Коллджде студенттер шәкіртақы алады, жатақханамыз бар. Бізде наубайшы, аспаз, шаштараз-стилист, тігінші, кондитер сынды мамандықтарды игеріп шығуға болады. Қазіргі кезде бізде 300-ден астам студент оқиды. Олар өндірістік тәжірибе барысында жалақы алады. Кейін жұмысқа орналасу да қиындық тудырмайды», — дейді колледж директорының орынбасары Жұлдыз Искакова.
Кітапханада ұйымдастырылған іс шараға қала мектептерінен 400-ден астам бала қатысады деп жоспарланған.
Тағы оқыңыз: Ризабек Айтмұқан Олимпиада чемпионынан жеңіліп қалды