Amanat партиясының мүшелері «Таза Қазақстан» акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды абаттандыруға көмектесіп жатыр. Олар осы жолы Қызылжар ауданы Большая Малышка елді мекеніне барып, тұрғындарға жәрдемдесті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Большая Малышка ауылының тұрғыны Михаил Шалупцевтің жасы -70-те. Ол осы ауылда 66 жыл бойы тұрып келеді. Бірақ биылғыдай тасқын суды бірінші рет көрген. Сондықтан судың беті қайтқасын бірден баспанасына оралуға асыққан.
«Эвакуация кезінде палаткада, машинада қонып жүрдік. Сосын пәтерде тұрдық. Үйімізге жеткенше асықтық. Қазір үйімізге келіп, іші-сыртын қоқыстан тазартып жатырмыз. Істейтін жұмыс көп. Осындай қиын кезде көмектесіп жатқан партиялықтарға алғыс айтамын. Ауланың ішіндегі қоқысты шығарып жатыр. Әйтпесе, жалғыз өзіме мұның бәрін жинау қиын болар еді», — деді қария.
Бұл жолы экологиялық акцияға партияның аудандардағы өкілдері де келіп ат салысты. Мәселен, Жамбыл ауданының азаматтары табиғи апат орын алған күннен бастап, халыққа жан-жақты көмектесіп жатыр.
«Біз Жамбыл ауданынан келдік. Қазір тұрғындардың үйлерінен су тиген жиһаздарын далаға шығарып, қоқыстан тазалап жатырмыз. Жалпы су тасқыны басталғаннан бері үнемі түрлі шаралар арқылы көпшілікке қол ұшын созып келеміз. Гуманитарлық көмек жинап, жөнелтіп отырдық. Біз әрдайым тұрғындармен байланыстамыз. Бұл біздің міндет», — дейді Amanat партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Владимир Волков.
Большая Малышка ауылы — тасқын судан ең көп зардап шеккен ауылдардың бірі. Мұнда 300-ден астам баспанаға су кірген. Қазіргі кезде аталмыш жерде партияның бірнеше аудандарынан келген өкілдері жұмыс істеуде.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында біз су басқан ауылдарды қоқыстан тазартуға және тұрғындарға үйлерін тазалауға көмектесуді ұйғардық. Қазір Большая Малышка елді мекенінде бес аудандық филиалдан келген 50 адам еңбек етіп жүр. Алдағы уақытта өзге аудандардағы партиялықтар да қатарымызға қосылатын болады», — деп нақыталды Amanat партиясының СҚОФ атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.
Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданында тасқын судан зардап шеккен 400 отбасыға гуманитарлық көмек жеткізілді