Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгеге дейін өседі. Сондықтан мемлекеттік құжаттарды дайындау құны да өзгереді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап паспорттағы бет санына байланысты баж құны өзгереді:
24 парақ – 4 АЕК, яғни 14 768 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
Қолданыстағы 36 парақ төлқұжат құны 29 536 теңгеге өседі.
48 парақ – 12 АЕК, яғни 44 304 теңге (ересектерге) болады.
Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қазақстандықтар қосымша ақы төлеп, паспортты тезірек алуына болады.
2024 жылы неке қию туралы куәліктің құны да 1 АЕК немесе 3 692 теңге болады.
Бірақ ажырасуға өтініш беру екі есе қымбатқа түседі, яғни 7 384 теңге.
Туу туралы куәлік тегін беріледі. Бірақ жоғалтып алып немесе басқа да жағдайлармен қайта жасатқан жағдайда 0,5 АЕК немесе 1 846 теңгені төлеу керек болады.
Айта кетейік, кейбір азаматтар құжаттарды тегін ала алады. Салық кодексінің 622-бабына сәйкес мемлекеттік баждан мына тізімдегілер босатылады: Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері;
үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, «Алтын Қыран», «Отан» ордендерімен наградталған, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар;
«Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;
ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілгендер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала жасынан мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі;
қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын қарттар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.
Осы тізімге кіретін қазақстандықтар баж төлеуден босатылғанын растайтын құжатты көрсетуге тиіс.
Тағы оқыңыз: 2023 жылы СҚО-да есірткінің соңғы 10 жылда тіркелмеген ең үлкен партиясы тәркіленді