Былтыр Есіл ауданына оңтүстік пен Маңғыстау облыстарынан 55 отбасы қоныс аударды. Биылғы жылға да жоспар ауқымды. Жыл басталғалы 9 отбасы күнгейден көшіп келсе, 25 қандас туған еліне оралды, деп хабарлайды Qazagstan Media тілшісі.
Есіл ауданының Қараағаш ауылына көшіп келгендердің бірі — Сағайлар отбасы. Олар былтыр Моңғолия елінен қоныс аударған. Бүгіндері Нұрбахыт пен Мәруа 3 баланы тәрбиелеп отыр. Бірлігі жарасқан отбасы 2016 жылы Моңғолияда танысып, отау құрған.
«Тарихи отанымыз болғаннан кейін осында көшіп келуге бел будық. Қазір Аллаға шүкір барлығы жақсы. Мемлекет тарапынан берілетін барлық көмекті алып жатырмыз. Ешқандай қиындық жоқ», — дейді Нұрбахыт Сағай.
Отағасы Қарағаш негізгі мектебінде информатика, ал Мәруа ағылшын тілінен сабақ береді. Үлкен ұлдары Айдын биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған. Ортаншы ұлдары балабақшаға барса, кенжесі Дамир 1 жаста.
«Балаларымыз қазақи тәрбие алып, салт-дәстүрді біліп өссін дедік. Сондықтан атамекенге қоныс аудардық. Бұл жаққа келгенде бізді халық жылы қарсы алды. Үймен көмектесіп, жұмысқа орналастық. Жұмыста еш қиындық жоқ. Барлығы ұнайды. Солтүстік өңірінің табиғаты тамаша, көрікті мекен. Бұл жаққа келгенімізге еш өкінбейміз», — дейді Мәруа Капитан.
Жалпы былтыр Есіл ауданына оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарынан 55 отбасы яғни 208 адам көшіп келген. Ал биыл 58 отбасы қоныс аударады деп жоспарлануда. Жыл басынан 9 отбасы оңтүстіктен көшіп келсе, 5 отбасы, яғни 25 қандас елге қоныс аударған.
«Оңтүстіктен көшіп келгендерге барлық мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде ақша және «Еңбек» бағдарламасы аясында салынған үй беріледі. Және міндетті түрде өздерінің мамандықтары бойынша жұмыспен қамтамасыз етеміз», — дейді Есіл ауданының жұмыспен қамту орталығының маманы Қайыргелді Жәкішев.
Қазіргі уақытта Есіл ауданының Қараағаш ауылында 189 адам тұрады.
Тағы оқыңыз: Жас ағаштарды заңсыз кесіп алған солтүстікқазақстандық ұсталды